Қолайсыз ауа райы метеожағдайларында орта білім беру ұйымдарында, сондай-ақ техникалық және кәсіптік білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарында сабақтарды тоқтату қағидаларын бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2016 жылғы 18 қаңтардағы № 42 бұйрығы. Қазақстан
Республикасының Әділет министрлігінде 2016 жылы 15 ақпанда № 13076 болып тіркелді
«Білім туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 5-бабының 14-2) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған Қолайсыз ауа райы метеожағдайларында орта білім беру ұйымдарында, сондай-ақ техникалық және кәсіптік білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарында сабақтарды тоқтату қағидалары бекітілсін.
2. Мектепке дейінгі және орта білім, ақпараттық технологиялар департаменті (Ж.А. Жонтаева) заңнамада
белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;
2) осы бұйрықтың көшірмесін Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуден өткеннен
кейін күнтізбелік он күн ішінде мерзімді баспа басылымдарында және «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялауға, сондай-ақ Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкінде
орналастыру үшін «Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Республикалық құқықтық ақпарат орталығы» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жолдауды;
3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;
4) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуден өткеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Заң департаментіне осы бұйрықтың 2-тармағының 1), 2) және 3) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Білім және ғылым вице-министрі Е.Н. Иманғалиевке жүктелсін.
4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа
енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Білім және ғылым министрі А. Сәрінжіпов
Қазақстан Республикасы
Білім және ғылым министрінің
2016 жылғы 18 қаңтардағы
№ 42 бұйрығымен бекітілген
Қолайсыз ауа райы метеожағдайларында орта білім беру
ұйымдарында, сондай-ақ техникалық және кәсіптік білімнің білім
беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарында
сабақтарды тоқтату қағидалары
1. Жалпы ережелер
1. Қолайсыз ауа райы метеожағдайларында орта білім беру ұйымдарында, сондай-ақ техникалық және кәсіптік білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарында сабақтарды тоқтату қағидалары (бұдан әрі – Қағида) «Білім туралы» 2007 жылғы 27 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының 5-бабының 14-2) тармақшасына сәйкес әзірленген.
2. Осы Қағида қолайсыз ауа райының метеожағдайларында сабақты тоқтату кезінде білім алушылардың өмірі мен денсаулығын қорғауға, сондай-ақ орта білім беру ұйымдарының, техникалық және кәсіптік білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарының (бұдан әрі – білім беру ұйымдары) қызметін реттеуге бағытталған.
3. Облыстардың, Астана және Алматы қалаларының білім басқармалары, аудандық (қалалық) білім бөлімдері жыл сайын:
1) өңірдің географиялық, климаттық жағдайларына сәйкес, сондай-ақ аумақтық мүдделі мемлекеттік органдардың
келісімімен білім алушылардың жас ерекшеліктерін ескере отырып, білім беру ұйымдарында сабақты тоқтату кезінде қолайсыз ауа райы метеожағдайларының ұсынылатын көрсеткіштерін;
2) ата-аналар мен білім алушыларға уақытында хабарлауға жауапты тұлғаларды, нысандар мен әдістерді көрсетіп, жергілікті ерекшеліктерді ескере отырып, қолайсыз ауа райының метеожағдайларына байланысты сабақтың болмайтындығы туралы ата-аналар мен білім алушыларды уақытында хабардар ету жүйесін бекітеді.
Қолайсыз ауа райы метеожағдайларында сабақтың тоқтатылатындығы туралы ақпаратты білім беруді
басқару органдары халыққа:
1) телевидениедегі жүгірпе жол түрінде;
2) радиодан тарату;
3) әкімдіктің, білім басқармалары мен бөлімдерінің сайттары арқылы;
4) 169 телефоны (ақылы анықтама) бойынша хабарлайды.
Сабақтың тоқтатылатыны туралы хабарлау:
сағат 6.45–8.00-ге дейін – бірінші ауысым үшін, сағат 11.15–13.00-ге дейін – екінші және үшінші ауысым үшін.
4. Мемлекеттік білім беруді басқару органдары күн сайын қолайсыз ауа райының метеожағдайлары кезінде ведомстволық бағынысты білім беру ұйымдарындағы сабақтың тоқтатылуына мониторинг жүргізеді.
5. Білім беру ұйымдарында сабақтар сабақтың тоқтатылуын жариялау үшін қолайсыз ауа райы метеожағдайларының бекітілген ұсынылған көрсеткіштері негізінде жүргізіледі және білім беру ұйымы басшысының не оны алмастыратын тұлғаның бұйрығымен ресімделеді және тиісті мемлекеттік білім беруді басқару органының назарына бірінші ауысым үшін сағат 6.00-ден 7.00-ге дейін, екінші және үшінші ауысымдар үшін сағат 10.30-дан 12-ге дейін жеткізіледі.
Оқу сабақтарын тоқтату туралы бұйрықта:
1) сабақ тоқтатылған сыныптар, топтар;
2) білім беру ұйымының жұмыс істеу режимі;
3) оқу-тәрбие процесіне қатысушылардың барлығының аталған бұйрықпен танысуына бақылауды жүзеге асыратын білім беру ұйымы әкімшілігінің тарапынан жауапты тұлғалар;
4) білім алушыларды қабылдауды және үйлеріне қауіпсіз жіберуді жүзеге асыратын педагогтер тарапынан жауапты тұлғалар көрсетіледі.
Сабақты тоқтату туралы бұйрық бекітілгеннен кейін тез арада білім беру ұйымының ресми сайтында және ақпараттық стендінде орналастырылуы тиіс.
Интернаттық білім беру ұйымдарында қолайсыз ауа райы метеожағдайларында сабақты тоқтату білім алушылардың тұрғылықты жағдайы ескеріле отырып жүргізіледі.
2. Сабақ тоқтатылған күндері білім беру процесін ұйымдастыру
6. Сабақ тоқтатылған күндері білім беру ұйымының қызметі бекітілген жұмыс режиміне, педагогикалық қызметкерлердің қызметі белгіленген оқу жүктемесіне, сабақ кестесіне, басқа қызметкерлердің қызметі жұмыс уақытының режиміне, ауысым кестесіне сәйкес жүзеге асырылады.
7. Егер қолайсыз ауа райы метеожағдайларында сабақ қатарынан 5 күннен астам уақыт болмаған жағдайда, оқу пәндерінің мазмұнын біріктіру, резервтегі сағаттар мен қайталауға кеткен сағаттар есебінен құрылтайшының келісімі бойынша білім беру ұйымының жылдық күнтізбелік-тақырыптық жоспарына түзету енгізу қажет.
8. Жіберілген оқу уақытын каникул немесе оқу жүктемесін шамадан тыс арттыру есебінен өтеуге жол берілмейді.
9. Сабақ тоқтатылған күндері сабаққа келген білім алушылар үшін сабақтың барлық түрлері (оқу, қосымша, үйірмелік, ұзартылған күн топтарының жұмысы), ыстық тамақпен қамтамасыз ету бірінші басшы бекіткен және құрылтайшы келіскен сабақ кестесіне сәйкес толық көлемде жүргізіледі.
10. Сабақ кестесіне сәйкес барлық журналдарға күн көрсетіледі, «Сабақтың тақырыбы» бағанына «актіленген күн» деп жазылады.
11. Білім алушының сабақ тоқтатылған күні орындаған жұмысы үшін алған бағасы түзетілген
күнтізбелік-тақырыптық жоспарға сәйкес журналдың сабақ болған келесі күндер бағанына қойылады.
12. Педагогтер сабақ тоқтатылған күндері білім алушылардың, оның ішінде сабаққа келгемеген білім алушылардың білім беру бағдарламаларын толық көлемде өтуі мақсатында өзіндік жұмыстың түрлі нысанын, оның ішінде қашықтықтан оқыту нысанын қолданады. Қолданылатын жұмыс нысандары, өзіндік жұмыс түрлері туралы ақпаратты педагогтер, сынып жетекшілері білім алушыларға, олардың ата-аналарына (заңды өкілдеріне) мәлімдейді.
3. Сабақ тоқтатылған күндері мектептердегі педагогикалық
қызметкерлердің функциясы
13. Сынып жетекшісі, куратор:
1) сабақтың тоқтатылғандығы туралы ақпаратты білім алушылар мен ата-аналардың (заңды өкілдердің) назарына
жеткізеді;
2) сабақ тоқтатылған күндері сабаққа келген білім алушылардың есебін қатаң жүргізеді, білім беру ұйымының басшысына білім алушылардың саны туралы баяндайды, сабақ тоқтатылған күндері білім беру ұйымының педагогикалық және басқа қызметкерлерінің білім алушыларды үйге қайтаруына жол бермеуін бақылауды жүзеге
асырады;
3) сабақ аяқталған соң ата-аналарының (заңды өкілдерінің) шығарып салуымен білім алушылардың үйге ұйымдасқан түрде қайтуын қамтамасыз етеді;
4) оқушылардың күнделіктерінде, сайтта сабақ тоқтатылатын күндерді белгілеу үшін ауа райы жағдайын анықтау
кестесі, сабақты тоқтату күндерін хабарлау уақыты және хабарландыру беретін бұқаралық ақпарат құралдары телефондарының нөмірлері туралы мәліметті орналастырады;
5) ата-аналарды (заңды өкілдерді) олардың балаларының сабақ тоқтатылған күндердегі, оның ішінде білім алушылардың қашықтықтан оқыту нысандарын қолдану және өзіндік жұмыс жағдайындағы оқу әрекетінің қорытындысы туралы хабардар етеді.
14. Педагогтердің қызметі:
1) сабақ тоқтатылған күндері педагогтердің жұмыс уақытының ұзақтығы оқу жүктемесімен анықталады;
2) педагогтер оқу бағдарламасына сәйкес күнтізбелік-тақырыптық жоспарларға дер кезінде түзету енгізуді жүзеге
асырады;
3) білім алушылар сабақта болмаған жағдайда педагог директордың оқу ісі жөніндегі орынбасарымен жүргізілетін жұмыс түрлерін келіседі.
4. Сабақ тоқтатылған күндердегі білім алушылардың қызметі
15. Білім алушы сабақ тоқтатылған күндері сабақта болмаған жағдайда, тапсырманы өздігінен, оның ішінде білім беру ұйымы орнатқан қашықтықтан оқыту режимінде орындайды.
16. Сабақ тоқтатылған күндері орындаған тапсырманы педагогтердің талаптарына сәйкес ұсынады.
5. Сабақ тоқтатылған күндері білім алушылардың ата-аналарының
(заңды өкілдерінің) қызметі
17. Білім алушылардың ата-аналары (заңды өкілдері):
1) сабақ тоқтатылған күндері балаларының білім беру ұйымына бармауы туралы шешімді өздігінен қабылдайды;
2) білім беру ұйымының сабақ тоқтатылған күндердегі жұмыс кестесімен танысады.
18. Білім алушылардың ата-аналары (заңды өкілдері):
1) сабақ тоқтатылған күндері балаларының үй тапсырмасын орындауын бақылауды жүзеге асырады;
2) сабақ тоқтатылған күндері баласының білім беру ұйымына баруы туралы шешім қабылдаған жағдайда, білім беру ұйымына баруы мен қайтуы жолындағы қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.
© 2012. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің
"Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" ШЖҚ РМК
1. Сыртқы ауа температурасы төмендеген уақытта жел мен қатты көктайғаққа байланысты сабақтар тоқтатылсын:
1) Желдің кемінде секундына 2 метр жылдамдықпен соққан кезде:
- 1-4 сынып оқушылары үшін, сыртқы ауа температурасы - 270С;
- 1-9 сынып оқушылары үшін, сыртқы ауа температурасы - 300С;
- 1-11 сынып оқушылары үшін, сыртқы ауа температурасы-350С.
2) Желдің кемінде секундына 2 метр жылдамдықпен немесе одан жоғары соққан кезде:
- 1-4 сынып оқушылары үшін, сыртқы ауа температурасы - 250С;
- 1-9 сынып оқушылары үшін, сыртқы ауа температурасы - 270С;
- 1-11 сынып оқушылары үшін, сыртқы ауа температурасы-300С.
3) Қатты көктайғақ кезінде сабақтар тоқтатылсын:
- 1-4 сыныптар үшін, желдің жылдамдығы 6-7 метрден соққан кезде;
- 1-9 сыныптар үшін, желдің жылдамдығы 8-9 метрден соққан кезде;
- 1-11 сыныптар үшін, желдің жылдамдығы 10 метрден және
одан да жоғары соққан кезде.